ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА ӨНДІРІС СЕКТОРЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысында соңғы кезеңде индустриалды даму бағыты ерекше қарқын алып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция көлемін ұлғайту бағыттары өңірлік экономиканың негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Соның айқын дәлелі ретінде Сауран ауданында биыл басталған өндірістік жобалардың көлемі мен қарқынын айтуға болады.

 

Жыл басынан бері Сауран ауданы аумағында 124 өндірістік нысанның құрылысы басталған. Соның ішінде 35 жоба толығымен аяқталып, іске қосылуға дайын. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының құрылымдық дамуына, жаңа кәсіпорындардың пайда болуына және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту деңгейінің артуына тікелей әсер етіп отыр. Жаңадан салынған кәсіпорындар ауданның өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтумен қатар, өңірге тартылып жатқан инвестиция ағынының тұрақты екенін көрсетеді.

 

Өндірістік жобалардың басым бөлігі Шаға, Иассы, Қарашық, Жүйнек және Үшқайық ауылдық округтерінде шоғырланған. Бұл аумақтардың инфрақұрылымдық мүмкіндіктері және логистикалық қолайлылығы өндіріс нысандарын орналастыруға тиімді жағдай қалыптастырып отыр. Жергілікті кәсіпкерлер үшін жол, жарық, газ және инженерлік жүйелер бойынша жасалған қолдау шаралары Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түскен.

 

Аудан бойынша ашылып жатқан цехтар мен кәсіпорындардың бағыттары да әр алуан. Құрылыс материалдарын өндіретін 36 цех іске қосылып жатыр. Бұл нысандар бетон, кірпіш, қыш, блок және әртүрлі құрылысқа қажетті бұйымдарды шығаруға бейімделген. Аймақтағы құрылыс қарқынын ескерсек, бұл өнімдерге деген сұраныс тұрақты болмақ.

 

Жиһаз өндірісіне бағытталған 35 цех жұмысын бастап, тұрмыстық, кеңселік және жеке тапсырысқа арналған жиһаз түрлерін дайындауға кірісті. Азық-түлік өндірісіндегі 25 нысан – аудан экономикасының маңызды бөлігі. Олар ұн өнімдері, нан-тоқаш, сүт өнімдері, жартылай дайын тағамдар және басқа да тұрмыстық қажетті тауарларды өндіреді.

 

Сонымен қатар резеңке және пластмасса бұйымдарын шығаратын 8 кәсіпорынның ашылуы ауданға қосымша өндірістік серпін береді. Тігін өнеркәсібінің дамуына ықпал ететін 5 цех, электротехникалық өнімдер шығаратын 5 нысан да өңір үшін маңызды. Бұдан бөлек ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын дайындайтын 8 өндіріс орны ауыл шаруашылығы саласының қажеттілігін өтейді. Қағаз өңдеу және дәрі-дәрмек өндіру бағытындағы жобалар да аудан экономикасының диверсификациялануына үлес қосуда.

 

Жалпы алғанда, Сауран ауданында өндірістік жобалардың жүйелі дамуы өңірдің индустриалдық әлеуетін айтарлықтай күшейтіп отыр. Жаңадан іске қосылған кәсіпорындар – тек экономикалық өсім ғана емес, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының көбеюі, жергілікті бюджеттің түсімдерінің артуы және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюы деген сөз.

 

Түркістан облысының экономикалық даму стратегиясында өндірістік секторды кеңейту басты бағыттардың бірі болып қала береді. Сауран ауданындағы қарқын – бұл өңірдің болашақта ірі өнеркәсіп орталықтарының біріне айналу мүмкіндігін айқын көрсетіп отыр.