ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА ЖЫЛЫНА 10 ТОННА ҚҰЛПЫНАЙ ӨНІМІН БЕРЕТІН ЖЫЛЫЖАЙ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Сауран ауданына қарасты Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «Мухитдинов» шаруа қожалығы экологиялық таза құлпынай өсіру ісін табысты жүргізіп отыр. Жеке кәсіпкер Алымжан Мухитдиновтың бастамасымен іске қосылған жылыжай кешені жылына 10 тоннадан астам өнім беруде.

2024 жылы пайдалануға берілген жобаның жалпы инвестициялық құны – 300 миллион теңге. Қазіргі таңда 0,7 гектар жерді алып жатқан заманауи жылыжайда құлпынай өнімдері ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, тамшылатып суару әдісі арқылы табиғи жолмен өсірілуде. Кәсіпкердің айтуынша, өнім адам ағзасына қажетті дәрумендерге бай әрі дәмді.

– Біз өсіріп отырған құлпынайдың сапасы өте жоғары. Пестицидтерді мүлдем қолданбаймыз. Табиғи жолмен өсірілген өнімімізге сұраныс жоғары, – дейді шаруа қожалығының иесі Алымжан Мухитдинов.

Ауыл шаруашылығы нысаны бір маусымда бірнеше рет өнім беретін құлпынайдың өнімділігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда жиналған өнім негізінен Түркістан қаласы мен аудан тұрғындарына сатылып жатыр. Кәсіпкер болашақта жылыжай көлемін екі есе ұлғайтып, өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.