Түркістан: Шардаралық түлектер ауыл тұрғынына үй сыйлады

2025 жылғы 24 мамырда Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылдық округіндегі «Сырдария» жалпы білім беретін мектептің 2005 жылғы түлектері 20 жылдық мерейтойын атап өтіп, қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Түлектер ауыл тұрғыны Бақтыбай Құрбановқа үш бөлмелі тұрғын үйді сыйға тартты.
Салтанатты шараға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Туребеков арнайы қатысып, жаңа үйге ие болған отбасыны құттықтап, игі іске атсалысқан түлектерге аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
«Құрметті Қоссейіт ауылының тұрғындары мен қадірлі түлектер! Сіздердің бірлік пен ынтымақпен атқарған игі істеріңіздің нәтижесінде бір отбасы шаттыққа бөленді. Осындай азаматтық әрекеттер еліміздің берекесін арттырады. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін», — деді Бейсенбай Туребеков.
Шара барысында Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнар мен ауыл биі Бауыржан Төлегенов жүрекжарды лебіздерін айтып, түлектерге ақ баталарын берді.