ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН СЕНБІЛІККЕ ШЫҒЫП, 18 ТОННА ҚОҚЫС ЖИНАДЫ

Жетісай ауданында тазалық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткен кезекті сенбілікке 2 мыңға жуық тұрғын қатысып, 18 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Шараға мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ерікті жастар, экологиялық белсенділер, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері атсалысты. Тазалық жұмыстары ауданның кіреберіс қақпасы саналатын Ш.Ділдәбеков ауылдық округінен басталып, аудан аумағына кеңінен тарады.
Сенбілік барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, саябақтар мен скверлер, арық-атыздар және көпқабатты тұрғын үйлердің айналасы тазартылды. Қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы белгіленген орындарға шығарылып, көгалдандыру аумақтарында шөптер мен қураған өсімдіктер жиналды.
Акцияға 25 арнайы техника жұмылдырылды. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, табиғатты таза ұстау және экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Жетісай ауданының әкімі Асқар Естібаевтың айтуынша, мұндай шаралар тек тазалық сақтау үшін емес, халықтың экологиялық мәдениетін көтеру үшін де қажет. Тазалықты сақтау – қоғам денсаулығы мен тұрмыс сапасының кепілі.
Аудан басшылығының бақылауында өтетін бұл сенбіліктер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.





