ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

25 қазан — Республика күні мерекесі аясында Түркістан облысының Жетісай ауданында жаңартылған мәдениет үйі пайдалануға берілді. Нысан Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Атақоныс елді мекенінде орналасқан.
1957 жылы салынған мәдениет үйі 2014 жылы ағымдағы жөндеуден өткен болатын. Биыл мамыр айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары 0,9346 гектар аумақты қамтып, жалпы құны 342,8 млн теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын «Намыс» ЖШС уақытында аяқтап, нысанды мереке қарсаңында ел игілігіне тапсырды.
Жаңарған мәдениет үйінде кітапхана, спорт және қолөнер үйірмелері жұмыс істейді. Ашылу салтанатында қолөнер бұйымдары мен кітап көрмесі ұйымдастырылып, тұрғындарға мәдени бағдарлама ұсынылды.
Іс-шараға аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы төрағасы Асқар Қайназаров, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Белсенді азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Мереке соңында аудан өнерпаздары патриоттық әндерден тұратын концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.





