Түркістан: жол сапасын бұзған мердігерлер жазаланады

Түркістан облысында жол құрылысындағы сапасыз жұмыстар жіті бақылауға алынып, жауапсыз мердігерлерге шара көрілетін болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен штаб отырысында жол саласына қатысты төрт мәселе қаралып, салаға жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Жиын барысында өңірдегі бірқатар жолдардың сапасына байланысты кемшіліктер айтылып, мердігер ұйымдарға қатаң ескерту жасалды. Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының талапқа сай жүргізілмеуі салдарынан 30-дан астам компания сапасыз жұмыс істегені үшін тізімге ілікті. Атап айтқанда, Түлкібас, Сайрам, Отырар, Сауран, Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Түркістан, Кентау, Арыс қалаларындағы жолдарда сапа талаптары сақталмағаны анықталған.

«Әрбір мердігер өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы тиіс. 1 маусымға дейін жолдардағы кемшіліктерді қалпына келтіріңіздер. Уақтылы орындамағандарға заң аясында шара қолданылады», – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Осыған орай, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына мониторингті күшейту тапсырылды. Әкімдік тарапынан жол сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жолмен қатынауын қамтамасыз ету негізгі міндет ретінде белгіленіп отыр.