Түркістанда «Адал ұрпақ — ұлт болашағы» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасы өтті

Бүгін, 30 сәуір күні Түркістанда заңдылық пен тәртіпті дәріптеуге арналған республикалық жас ақындар жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Іс-шараны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен облыс әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.

Мүшәйраның басты мақсаты — жас буын арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық құндылықтарын кеңінен насихаттау және шығармашыл жастарды қолдау болды. Байқауға республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардан келген талапты жас ақындар қатысты.

Қатысушылар арнайы жарияланбаған «Адал ұрпақ – ұлт болашағы» және «Түрленген, гүлденген Түркістан» тақырыптарында өз туындыларын ұсынды. Сондай-ақ жас қаламгерлер Ұлы Жеңістің 80 жылдығын да ескерусіз қалдырмай, ардагерлерге арналған өлең жолдарын арнады.

Байқау барысында сөз алған Департамент басшысы Мұрат Төлеубаев пен облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жастарды адалдық пен парасаттылыққа баулудың маңыздылығына тоқталды. Олар болашақ ұрпақты Отан сүйгіштікке, дәстүр мен еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеу — қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Жыр сайысының ақтық кезеңіне өткен үздік ақындар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Қазылар шешімімен бірінші орын Атырау облысынан келген жас ақынға бұйырды. Екінші орынды Шымкент пен Түркістан қалаларынан келген өнерпаздар, ал үшінші орынды Абай өңірі мен Түркістан облысының жас ақындары иеленді.

Бұдан бөлек, арнайы сыйлықтар мен марапаттар да табысталды. Атап айтқанда, айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова, қаламгер Қаныбек Сарыбаев атындағы арнайы жүлделер және облыстық Қоғамдық даму басқармасының сыйлықтары берілді. Сондай-ақ, 7 қатысушы ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттарға ие болды.

Айта кетейік, шараға «Алтын Орда» қайырымдылық қоғамдық қоры қолдау көрсетті.