Түркістанда ауыл шаруашылығы саласының түйткілді тұстары талқыланды

Түркістанда ауыл шаруашылығы саласының түйткілді тұстары талқыланды,-деп хабарлайды Pressa24.kz.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерімен жиын өткізіп, саланың дамуы мен тапсырмалардың орындалу деңгейіне талдау жасады. Басқарма басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, биылғы жылдың басынан бері Кентау, Шардара, Арыс және Қазығұрт өңірлерінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша көрсеткіштер төмен. Сондай-ақ ет өндіру саласында да Шардара мен Сайрам аудандары жоспардан қалып қойған.
Жиында су үнемдеу технологиясын енгізу, агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі, сондай-ақ тамақ өнімдері өндірісіне қатысты мәселелер көтерілді. Нұрбол Тұрашбеков саладағы олқылықтардың нақты себебін анықтауды тапсырып, жауапты мамандардан нақты ұсыныстар күтетінін айтты. Сонымен қатар индикаторлық жоспарлардың мерзімін қайта қарап, қысқарту қажеттігі ескертілді.