Түркістанда Азиялық «Qazaq Kuresi» Ассоциациясы құрылды

 

Түркістан қаласында қазақ күресінің халықаралық деңгейде дамуына жаңа серпін беретін маңызды басқосу өтті. Азия чемпионаты аясында ұйымдастырылған жиында Азиялық «Qazaq Kuresi» Ассоциациясы құрылып, оның стратегиялық мақсаттары бекітілді. Бұл бастама ұлттық спорттың жаңа кезеңге өтуін айқындайтын тарихи оқиға болды.

Жиынға Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбек, «United World Wrestling» ұйымының өкілі Онур Шимшек, чемпионаттың бас төрешісі Эдмар Абдулаев, сондай-ақ сала ардагерлері мен халықаралық федерация басшылары қатысты.

«Qazaq Kuresi» Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов соңғы жылдары қазақ күресінің әлемдік деңгейде мойындала бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, ұйымның бастамасымен 11 әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы және бірнеше құрлықтық біріншіліктер сәтті өткен. Сонымен бірге төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған бірыңғай аттестация және біліктілікті арттыру жүйесі енгізілген.

Ассоциация құрамында төрешілік, медицина, халықаралық ынтымақтастық, маркетинг және даму бағыттары бойынша 8 комитет пен 3 департамент құрылды. Бұл құрылым қазақ күресін кәсіби тұрғыда дамыту мен халықаралық ұйымдармен өзара ықпалдастықты күшейтуге бағытталған.

Жиында қазақ күресін Азия ойындарының ресми бағдарламасына енгізу мәселесі де көтерілді. Олимпиадалық кеңестің талабына сәйкес, спорт түрі кемінде 25 елде дамуы және 12 мемлекет тұрақты түрде чемпионаттарға қатысуы қажет. Дамир Бекбосыновтың айтуынша, бүгінде қазақ күресі бұл талаптардың басым бөлігін орындап отыр – күрес түрі Азияның 15-тен астам елінде тұрақты дамуда, төрешілер UWW жүйесімен лицензия алуда, ал жарыс ережелері халықаралық стандарттарға сай жетілдірілген.

Жиын қорытындысында Азиялық «Qazaq Kuresi» Ассоциациясының президенті болып Хариш Тияги, ал бас хатшысы Парвин Тияги сайланды. Жаңа ұйымның басты мақсаты – Азиядағы ұлттық федерациялардың жұмысын үйлестіру, бірыңғай жарыс күнтізбесін қалыптастыру және спортшыларды халықаралық деңгейде аттестациядан өткізу.

Дамир Бекбосынов жиын соңында қатысушы федерацияларға нақты тапсырмалар жүктеді. 2026 жылдан бастап әр ел өз аумағында чемпионат өткізуі, ал тоқсан сайын онлайн форматта есеп беруі тиіс. Бұл шешім қазақ күресінің Азия кеңістігіндегі беделін арттырып, оның Олимпиадалық спорт түріне айналу жолында маңызды қадам болмақ.