Түркістанда балалар мерекесі кең көлемде тойланды

Түркістанда балалар мерекесі кең көлемде тойланды,деп жазады Пресса24.кз.
Түркістан облысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ерекше форматта аталып өтті. «Балауса» жазғы лагерінде өткен «Қазақстан балалары» атты кең көлемді мерекелік шара шынайы шаттыққа толы болды. Балаларға арналған бай бағдарламада ұлттық ойындар, спорттық сайыстар, шығармашылық көрмелер мен концерттік қойылымдар қамтылды.
Шараға арнайы келген облыс әкімі Нұралхан Көшеров балалармен бірге асық атып, көрмелерді аралап, жас өнертапқыштармен сұхбаттасты. Әкім өз құттықтауында балалардың болашағына инвестиция жасау — қоғамның басты міндеті екенін атап өтті.
– Балалар – елдің ертеңі. Бүгінде облыста 553 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. 40 мыңға жуық оқушы спорт пен өнер үйірмелеріне тегін қатысуда. Жазғы демалыс кезінде 43 мың бала 31 лагерьде тынығады. Сонымен қатар, жаңа 52 модульді лагерь салынып жатыр. Бұл бастама арқылы тағы 7500 баланың демалысын қамту көзделуде, – деді өңір басшысы.
Салтанатты шарада оқу мен өнерде үздік шыққан 20 оқушыға алғысхат пен 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Бұдан бөлек, ерекше жетістігімен көзге түскен 10 бала марапатталса, 150 балаға әкімдік атынан сыйлықтар ұсынылды.
Мереке аясында экоойындар, алғашқы медициналық көмек бойынша оқыту сабақтары, шахмат, тоғызқұмалақ, садақ ату және асық ату сайыстары ұйымдастырылды. Киіз үй тігілген аумақта «Қолөнершілер» бұрышы таныстырылып, балалар фольклорлық ансамбльдің өнерін тамашалады. Балабақша тәрбиеленушілері Абай өлеңдерін жатқа оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш соңында цирк әртістері мен бишілер өнер көрсетіп, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, облыс әкімі «Балауса» лагерінің жаңа маусымға дайындығын пысықтап, модульді жатақханаларды аралады. Спорт алаңында балаларға футбол доптарын тарту етіп, «Түркістан – балалар көзімен» атты сурет көрмесін тамашалады.
Айта кетейік, бұрынғы 150 орындық «Балауса» лагері биыл қосымша модуль құрылысының арқасында 350 орынға дейін кеңейіп, 7 ауысымда 2450 баланы қабылдай алады. Осы арқылы Түркістан қаласы мен Сауран ауданындағы 1450 және 1000 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланған.