ТҮРКІСТАНДА «БӨРТЕ» ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСИ КӨШБАСШЫЛЫҚ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА «БӨРТЕ» ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСИ КӨШБАСШЫЛЫҚ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Түркістан қаласында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі өз жұмысын бастады. Бұл мектеп әйелдер мен қыз-келіншектерді саяси және қоғамдық белсенділігін арттыруға, көшбасшылық әлеуетін дамытуға арналған маңызды әрі стратегиялық бағыттағы бастама болып саналады. Мектептің ашылу салтанатына партияның хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Шолпан Каринова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, мектептің ашылуымен құттықтады және ізгі тілектерін арнады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мектептің ашылуын өңірдегі әйелдердің рөлін арттыруға, олардың қоғамдық-саяси белсенділігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп бағалады. Ертай Кенжебекұлының сөзінше, «Бөрте» саяси мектебінің қабырғасында білім алған әйел көшбасшылар елдік мүддені алға қоятын, қоғам дамуына нақты үлес қосатын тұлғалар болады. «Бұл мектептен дәріс алған қыз-келіншектер мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси салада, кәсіпкерлік пен әлеуметтік бастамаларда елге үлгі көрсетеді деген сенімдеміз» – деді Ертай Алтаев.
Ашылу салтанатына және алғашқы лекцияларға облыс бойынша партия филиалдарының Әйелдер қанаты жетекшілері, белсенді құрамы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік салалардағы мамандар, белсенді қоғамдық ұстанымымен танылған қыз-келіншектер, депутаттық мандат иелері, облыстық Әйелдер қанатының бекітілген жетекшілері қатысты. Жалпы, салтанатты шара мен алғашқы сабақтарға 200-ге жуық адам қатысып, олардың арасында қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласатын, тәжірибелі және беделді әйелдер бар еді.
«AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Каринова алғашқы дәрістерде гендерлік саясаттың қазіргі жағдайын жан-жақты түсіндірді. Ол Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының гендерлік саясат бойынша ұсыныстарын, әлемдік аналитикалық орталықтардың ұлттық гендерлік саясатты бағалауларын, БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы және «БҰҰ-Әйелдер» құрылымдарының кешенді әлеуметтік зерттеулерін таныстырды. Сонымен қатар, әйелдердің кәсіби салада кездесетін кедергілері, гендерлік алшақтықтың жаһандық индексі, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы әйелдер саны, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының миссиясы мен 10 басымдық аясындағы бастамалары, «Tomiris» және «Әйел аманаты» жобаларының міндеттері туралы ақпарат берілді.
Алғашқы дәрістер барысында қатысушылар саяси көшбасшылық негіздері, қоғамдық коммуникация, стратегиялық ойлау, шешім қабылдау мәдениеті, партиялық және ақпараттық жұмыс, мемлекеттік басқарудың заманауи талаптары жөнінде жан-жақты білім алды. Дәрістер практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған, бұл қатысушыларға қоғамдағы белсенділік пен көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік береді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында жалпы халықтың 49 пайызын әйелдер құрайды. Биылғы жылдың 10 айында облыста 38 мың бала дүниеге келді. Қазіргі уақытта 185 мыңнан астам көпбалалы ана бар, оның ішінде 18 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері болса, 43 мыңнан астамы «Күміс алқа» төсбелгісін алған. Сондай-ақ, облыста 212 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген, олардың 42 пайыздан астамын, яғни 89 мыңнан астамын әйелдер құрайды. Мемлекеттік қызмет саласында 5611 қызметшінің 1572-сі әйелдер болса, олардың 233-і басшылық лауазымдарды атқаруда. Бұл көрсеткіштер өңірдегі әйелдердің экономикалық, саяси және қоғамдық өмірге белсенді араласатынын көрсетеді.
«Бөрте» саяси мектебі әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамытуға, қоғамдық-саяси белсенділікті арттыруға, партиялық және мемлекеттік қызметте сапалы мамандар дайындауға бағытталған. Мектептің басты мақсаты – қатысушыларды стратегиялық ойлау, тиімді коммуникация, шешім қабылдау мәдениеті, жобалық менеджмент және қоғамдық-саяси салада кәсіби тәжірибе арқылы оқыту. Бұл оқу процесі әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға және олардың қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған.
Мектептің ашылуы өңірдегі әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына жаңа серпін берді. Қатысушылар мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда өз ықпалын арттырып, кәсіпкерлік және әлеуметтік бастамаларды іске асыру арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады. Бұл бастама Түркістан облысындағы әйелдердің рөлін арттыруға, олардың көшбасшылық қабілеттерін жетілдіруге және қоғамдағы теңдік пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам болып отыр.
Түркістан облысының әкімдігі мен «AMANAT» партиясы болашақта да әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл мектептен шыққан әрбір қатысушы өңірдің дамуына, қоғамдық-саяси өмірдің белсенді мүшесі болуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мектеп әйелдер үшін кәсіби және саяси тұрғыда білім беру, тәжірибе жинақтау, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және қоғамдағы беделді арттыру алаңы ретінде маңызды рөл атқаратын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Бөрте» саяси көшбасшылық мектебі әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, кәсіби көшбасшылар дайындау, гендерлік теңдікті нығайту және өңірдің дамуына белсенді үлес қосатын тұлғаларды қалыптастыру бағытында маңызды әрі стратегиялық бастама болып отыр.





