Түркістанда энергетикалық серпін: жаңа бу-газ станциясы мен инфрақұрылымдық жобалар іске қосылады

Түркістанда энергетикалық серпін: жаңа бу-газ станциясы мен инфрақұрылымдық жобалар іске қосылады,деп хабарлайды pressa24.kz
Түркістан облысында энергетика саласына тың серпін беретін ауқымды жобалар қолға алынуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың кездесуі осы бағыттағы маңызды бетбұрыстардың бастауы болды.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа генерациялық қуат көздерін енгізу мәселелері талқыланды. «KEGOC» еліміздің оңтүстігін электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету үшін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда.
Түркістан облысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қуаты 1000 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысы (БГҚ) негізінде жаңа электр станциясының құрылысы басталды. 2025 жылдың күзінде алғашқы 185 МВт қуат өндіріле бастайды деп жоспарлануда. Ал 2026 жылдың соңына қарай толық қуаттылыққа шығуы көзделген.
«Энергетикалық қауіпсіздік – өңір дамуының тірегі. Бізге сенімді инфрақұрылым, заманауи желілер және тұрақты энергия көзі қажет. Осы ретте «KEGOC» компаниясымен тығыз әріптестік орнатып, ірі жобаларды бірге жүзеге асырамыз деген сенімдеміз», – деді облыс әкімі.
Облыстағы өндірістік және инновациялық жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Кентауда металлургия кәсіпорындары үшін 28 МВт, ал «Аңсай» барит кен орындарына 12 МВт электр қуаты қажет. Созақ ауданындағы фосфор зауытына қосылу үшін 89 МВт, Сайрамда кремний кластеріне 500 МВт энергия қажет етіледі. Осы мақсатта «Мырғалымсай» қосалқы станциясын жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
Бүгінде Түркістан облысының жалпы электр тұтыну көлемі 445 МВт шамасында. Оның 80%-дан астамы елдің солтүстігінен жеткізіледі. Облыста екі ірі энергия өндіруші станция жұмыс істейді: Шардара су электр станциясы (126 МВт) және «Кентау-сервис» (5,5 МВт). Сонымен қатар, қуаты 278,6 МВт болатын 24 жаңартылатын энергия нысаны бар.
Өңірдің энергия тәуелсіздігін нығайту бағытындағы қадамдар – Түркістанның индустриялық және инновациялық серпініне тың қуат беретіні сөзсіз.