ТҮРКІСТАНДА ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР МЕРЕКЕЛІК ЖИЫН ӨТКІЗДІ

 

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған өзбек этномәдени бірлестігінің «Тілі, мәдениеті және дәстүр күні» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды. Жиын этномәдени орталықтардың ұлттық көрмесін тамашалаумен басталды.

Мерекелік басқосуға зиялы қауым өкілдері, «Ел бірлігі» депутаттық тобының мүшелері, облыстық ҚХА белсенділері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен жастары, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтар қатысты.

Шара барысында ҚХА Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов сөз сөйлеп, қоғамдағы келісім мен ел бірлігінің мемлекет үшін ең қымбат құндылық екенін атап өтті.

Өзбекстанның Алматы қаласындағы консулдығының бірінші хатшысы Эркинжан Абдукоюмов Қазақстанның толеранттылық саясатын әлемге үлгі ретінде бағалады. Сонымен бірге, Қазақстан өзбектері қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов пен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Бахадир Ирисметов ынтымақты сақтау – ортақ парыз екенін айтты.

Мерекелік жиында этносаралық татулықты нығайтуға үлес қосқан бірқатар азаматтар «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен, «Алғыс» төсбелгісімен, сондай-ақ облыстық мәслихат пен облыс әкімдігі атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шара соңында этномәдени орталықтар мен өнерпаздардың қатысуымен мерекелік гала-концерт өтті.

Авторы: Бердалы Ораз