Түркістанда қиын жағдайдағы отбасыларға кешенді қолдау көрсетілуде

Түркістанда қиын жағдайдағы отбасыларға кешенді қолдау көрсетілуде,- деп жазады Pressa24.kz.
Түркістан облысында өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды қолдау мақсатында 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024-2025 жылдары барлық аудан мен қалаларда ашылды, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен орталықтардың жұмысын жетілдіру және материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері талқыланған жиын өтті. Басқосуға жауапты басқарма өкілдері мен орталық басшылары қатысты.
Жиында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова орталықтардың қызметін зерделеу нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, бірқатар орталықтарды жеке ғимаратпен қамту, интернетке қолжетімділікті арттыру, штаттық құрылымды реттеу және мамандардың біліктілігін арттыру қажеттілігі анықталған.
Бейсенбай Тәжібаев әлеуметтік осал топтарға тұрақты көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталып, ерте жүктілік, тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Әлеуметтік қолдауға зәру азаматтарға медициналық, психологиялық және құқықтық көмек тұрақты ұсынылуы тиіс екенін еске салды.
Облыста бүгінде 507 мыңнан астам отбасы бар. Оның ішінде 127 мыңға жуық отбасы D және E санатында, бұл – жалпы көрсеткіштің 25,1%-ы. Жыл басынан бері олардың саны 13,4%-ға төмендеген. Бұған FSM Social мобильді қосымшасының іске қосылуы және мобильді топтардың белсенді жұмысы себеп болған.
Отбасын қолдау орталықтарының басты міндеті — отбасы институтын нығайту, неке мен отбасын сақтау, тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.