Түркістанда құм мен қиыршық тас ұрлағандар әшкереленді

Түркістан облысында құм-қиыршық тас секілді құрылыс материалдарын заңсыз өндірумен айналысқан бірнеше жүк көлігі ұсталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мен полиция бірлесіп хабарлады.
Табиғатты қорғауға бағытталған кезекті бақылау шарасы Сауран ауданының екі бірдей елді мекенінде жүргізілген. Құрсай өзені бойынан және Иба ата ауылы маңынан тиісті рұқсатсыз кен қазып, тасымалдап жатқан жүк көліктері арнайы дрон арқылы анықталған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жалпы алты ауыр техника тоқтатылып, айып тұрағына жеткізілген. Қазір бұл дерек бойынша тиісті материалдар жинақталып, заң аясында шешім қабылданады.
Жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану — қоршаған ортаға елеулі зиян келтіретін құқық бұзушылықтардың бірі. Осыған орай өңірде осындай рейдтер тұрақты түрде жалғасады.





