Түркістанда Қытай инвесторларымен логистика саласын дамытуға бағытталған маңызды келіссөздер өтті

Түркістанда Қытай инвесторларымен логистика саласын дамытуға бағытталған маңызды келіссөздер өтті
Түркістан облысына Қытай Халық Республикасынан келген ірі инвесторлар делегациясын өңір басшысы Нұралхан Көшеров қабылдап, өңірдің өндірістік және логистикалық әлеуетімен таныстырды. Қонақтар бірнеше индустриалдық және өндірістік аймақтарға барып, облыстың даму мүмкіндіктерін өз көзімен көрді.
Кездесу барысында тараптар логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергетика және тау-кен салаларын зерттеу, сондай-ақ өңірде бірлескен қоймалар мен сауда өкілдіктерін ашу бойынша пікір алмасты. Инвесторлар өз жобаларын таныстырып, өңірдің даму жолындағы ұсыныстарын білдірді.
Нұралхан Көшеров екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін атап өтіп, Түркістанның халықаралық көлік дәлізі ретінде маңызын ерекше айтты. Ол өңірде авиациялық жүк тасымалын дамыту, әуежайдағы техникалық қызмет көрсету орталықтарын құру, халықаралық бағыттар бойынша тұрақты жүк тасымалдарын ашу және заманауи логистикалық кешендерді құру сияқты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар, индустриалдық аймақ құру инвестициялық жобалардың табысты іске асуына жол ашатынын атап өтті.
Қытай делегациясы сапары барысында Түркістан қаласындағы мақта зауытының құрылысымен танысып, Сауран ауданындағы арнайы экономикалық аймақтың жұмысын көрді. Инвесторларға Turan арнайы экономикалық аймағы мен өңірдегі инвестициялық мүмкіндіктер туралы толық ақпарат берілді. Кездесуден соң шетелдік меймандар Түркістан қаласын аралап көрді.