Түркістанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтті

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Түркістан қаласында салтанатты іс-шара өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Өз сөзінде облыс әкімі мәдениет пен өнердің өңір дамуындағы маңызын атап өтіп, Түркістанға берілген ерекше мәртебе мәдениет саласының серпінді дамуына жол ашқанын жеткізді. Сонымен қатар, руханият пен өнерге айрықша көңіл бөлініп жатқанын және алдағы уақытта да мәдени шаралар жалғасын табатынын айтты.
Іс-шара барысында елдің мәдени және қоғамдық өміріне қосқан үлесі үшін бірқатар сала мамандары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атап айтқанда:
- «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының орынбасары Нұрлан Дүкенбаев – «Ерен еңбегі үшін» медалімен;
- «QazaqGeography» төрағасы Айгорим Мусагажинова және «TURKISTAN SILK WAY HARBOR» ЖШС бөлім меңгерушісі Махсад Халмет – «Шапағат» медалімен;
- Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония әртісі Айжан Ахмуханова – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.
Сондай-ақ бірқатар өнер қызметкерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің төсбелгілері мен облыс әкімінің марапаттарына ие болды.