Түркістанда мектеп директорларына арналған облыстық форум өтті

Түркістан қаласында мектеп директорларының қатысуымен «Заң және тәртіп» атты облыстық форум өтті. Ауқымды шараны облыстық білім басқармасы мен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Форум жұмысына өңір мектептерінің басшылары, білім бөлімдері мен әдістемелік кабинет жетекшілері, барлығы 1000-нан астам директор қатысты.

Форумның басты мақсаты – білім беру саласындағы қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету, жемқорлықтың алдын алу, көшбасшы мектеп директорларын қалыптастыру, оқу жылы қорытындысын шығару және тиімді басқару әдістерін дамыту.

Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, облыстық білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанар Калгинбаева мен орталық тренері Анар Балтабекова қатысып, баяндама жасады.

Бейсенбай Тәжібаев өз сөзінде бүгінгі мектеп директоры – жай әкімші емес, заманауи көзқарасты, жаңашыл идеяны іске асыратын стратег болуы тиіс екенін атап өтті:

«Білім сапасы мектеп басшысының стратегиялық көзқарасына тікелей байланысты. Сондықтан бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде жаңашыл, көшбасшы директорлар қажет», – деді ол.

Айгүл Қасымбекова 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарға шолу жасаса, Ерболат Балғабаев қаржылық құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын таныстырды. Ал Жанар Калгинбаева мен Анар Балтабекова жаңа форматтағы директор бейнесі мен оның кәсіби дамуына қатысты ұсыныстарымен бөлісті.

Форум аясында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бастамасымен 12 тірек мектептің басшыларын қолдау жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.

Қазіргі ахуал:

  • Облыста 922 мектеп бар;
  • 64 мектепте директор орны бос;
  • 8 жылдан астам бір мектепті басқарған 129 директор 2025 жылдың қыркүйегіне дейін ротацияланады.

Форум нәтижесінде мектеп басшылары білім сапасын арттыру бағытында жаңа тәжірибелермен танысып, басқарушылық серпін алды. Бұл басқосу – өңір мектептерінде сапалы өзгерістерге бастайтын маңызды диалог алаңы болды.