ТҮРКІСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА ӘДЕП МӘДЕНИЕТІ МЕН АДАЛДЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ НАСИХАТТАЛДЫ

 

Түркістан қаласында мемлекеттік қызмет жүйесіндегі әдеп мәдениетін нығайту мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кеңейтілген семинар өтті. Шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырды. Басқосудың мақсаты – қызметтік әдепті сақтау мәдениетін арттыру, адалдық қағидатын орнықтыру және мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту.

Семинар жұмысына Түркістан облысы әкімінің аппараты мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаменті, сондай-ақ жергілікті басқармалар мен ұйым өкілдері қатысты. Спикерлер қатарында облыс әкімдігі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Керімбекұлы, персоналды басқару қызметінің басшысы Бақыт Жолдасбекұлы және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Серікұлы болды.

Жиында мемлекеттік қызмет саласында жиі кездесетін этикалық қателіктер, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану қаупі және азаматтармен қарым-қатынастағы адалдық мәдениеті талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, жемқорлықпен күрес тек жазалаумен емес, қызметтік сана мен мінез-құлықты өзгертумен жүзеге асады.

Ербол Керімбекұлы сөзінде: «Әдеп кодексі – қағаздағы ереже емес, ол мемлекеттік қызметшінің күнделікті мінез-құлқын айқындайтын өлшем. Әдепті сақтау – ең әуелі өз абыройыңды қорғау», – деді. Ол сондай-ақ уәкілдердің міндеті тәртіп бұзған қызметкерлерді жазалау емес, алдын алу шараларын күшейту екенін атап өтті.

Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Ернұр Жұматайұлы мекемелердегі ішкі бақылау жүйесінің маңыздылығын сөз етті. Оның айтуынша, әрбір мемлекеттік органда тәуекелдерді бағалау мен этикалық мониторинг жүргізу тәжірибесі кеңейіп келеді.

Семинар барысында қатысушылар практикалық жағдайлар бойынша пікір алмасып, жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен шешу жолдарын ортаға салды. Спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың ең тиімді тетігі – ашықтық пен жариялылық екенін атап өтті.

Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға адалдық пен әділдік қағидаттарын ұстану – қоғам сенімін арттырудың басты кепілі екенін еске салды. Семинар қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар қабылданып, мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі түсіндіру жұмыстарының жалғасатыны айтылды.