Түркістанда мемлекеттік рәміздер күні аясында кең ауқымды патриоттық шара жалғасын тапты

Түркістанда мемлекеттік рәміздер күні аясында кең ауқымды патриоттық шара жалғасын тапты

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ел көлемінде басталған «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясы Түркістан өңірінде де жалғасын тапты. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздейтін бұл бастаманы «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты бірнеше жылдан бері ұйымдастырып келеді.

Биылғы акция аясында өңірлерде Мемлекеттік Ту орнатылып, автокеруендер, спорттық жарыстар, флешмобтар мен салтанатты рәсімдер өтті. Түркістан облысында бұл шараға жастар ресурстық орталығы, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен ерікті жастар белсенді түрде қатысып, қалалар мен ауылдарда Ту көтеру рәсімін өткізді.

Акцияның басты мақсаты — мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, ел бірлігі мен ұлттық рухты дәріптеу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жас ұрпақтың бойына азаматтық жауапкершілік пен рухани құндылықтарды сіңіруге ықпал етеді.