ТҮРКІСТАНДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРМЕН АШЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан облысының «Самғау» оңалту орталығында ерекше қажеттіліктері бар азаматтармен ашық кездесу өтті. Жеке қабылдауды облыстық прокуратура өкілдері — басқарма аға прокуроры Серікболсын Заурбеков пен прокурор көмекшісі Дидара Абдрасилова өткізді.
Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған әлеуметтік және құқықтық мәселелерін ортаға салып, заң аясында нақты жауаптар алды. Кейбір арыз-шағымдар прокуратура тарапынан бақылауға алынды.
Прокуратура «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл жолғы қабылдаудың басты мақсаты — құқықтық сауаттылықты арттыру мен азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу.
Ресми мәліметке сәйкес, облыс аумағында 101 557 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Прокуратура органдарының тексерісі нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында 3263 адамның құқығы қалпына келтірілген.
Мысалы, «Автомобиль көлігі туралы» заңда бірінші топтағы мүгедектер мен кейбір әлеуметтік топтардың қоғамдық көлікті тегін немесе жеңілдікпен пайдалану құқығы қарастырылғанымен, кей аймақтарда бұл талаптар сақталмаған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай қоғамдық қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасын табады.





