Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылады

Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалы ашылады,-ден хабарлайды Pressa24.kz.
Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның беделді оқу орны – «Woosong» университетінің филиалы ашылады. Қазіргі таңда университеттің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл бастама ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аумағында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиналыста халықаралық деңгейдегі ІТ университетті ашу жұмыстары сараланып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
– Бұл – жастар үшін зор мүмкіндік. Университет білікті профессорлармен, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс. Құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаңыздар, – деді өңір басшысы.
Негізгі мәліметтер:
- Жоба бойынша 2025 жылдың 15 маусымына дейін құрылыс толық аяқталмақ. Қазір жұмыстардың 90%-ы орындалған.
- Оқу орны 4 факультеттен тұрады:
- Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау
- Бағдарламалық қамтамасыз ету
- Ақылды зауыттар (4.0 индустрия)
- Мультимедиа және веб-дизайн
- Жоспар бойынша университетте 2340 студент оқитын болады.
- 600 орындық жатақхана құрылысы да аяқталуға жақын.
2024 жылдың 1 сәуірінде Түркістан облысы әкімдігі мен Оңтүстік Кореяның «Woosong» білім беру қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Университеттің білім беру бағдарламалары Қазақстанның мемлекеттік стандарттарына сәйкестендіріліп, реестрге енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, облыс әкімдігі тарапынан грант бөлу мәселелері қарастырылуда.