Түркістанда робототехника чемпионаты өтті

Түркістан облысында техникалық шығармашылық пен инновациялық ойлауды дамытуға арналған «TURKISTAN ROBO CUP 2025» республикалық чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен 130 команда, яғни 300-ге жуық оқушы қатысып, өзара бәсекеге түсті.
Шара аясында қатысушылар заманауи робототехникалық шешімдер мен техникалық идеяларын таныстырып, инженерлік шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар құрастырған жобалар бағдарламалау мен құрылымдық ойлау дағдыларының жақсы қалыптасқанын байқатты. Чемпионатты Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы ұйымдастырды.
Байқау қорытындысы бойынша әр жас санаты мен бағыт бойынша үздік командалар анықталды. 6–9 жас аралығындағы «Робот құрастыру» сайысында бас жүлде Жамбыл облысының Bee Bots командасына бұйырды. «Биатлон» бағыты бойынша Шымкент қаласының RoboPARK 2 командасы үздік шықса, «Лабиринт» номинациясында Түркістан облысы, Кентау қаласының дәл осы командасы жеңімпаз атанды. Ал «Роботтар шайқасы» санатында Қызылорда облысының ROBOSTARKZO командасы топ жарды.
TURKISTAN ROBO CUP 2025 чемпионаты – оқушылар арасында техникалық білім мен шығармашылықты дамытуға бағытталған тың платформа. Мұндай байқаулар жас буынның технологияға қызығушылығын арттырып, болашақ инженерлер мен IT мамандардың қалыптасуына жол ашады.