Түркістанда Рухани келісім күніне орай дәстүрлі кездесу ұйымдастырылды

18 қазан күні Түркістан қаласында Рухани келісім күніне арналған дәстүрлі кездесу өтті. Жиынға облыстық діни конфессиялардың жетекшілері мен өкілдері қатысып, өңірдегі дінаралық ынтымақтастық пен қоғамдағы діни бірліктің маңызын талқылады. Кездесуге Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы жетекшілік жасап, еліміздегі дінаралық келісім мен татулықты сақтау мәселелеріне тоқталды.

Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Төлепов, Шымкент пен Түркістан епархиясының «Шіркеудің қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы Александр Могилевский, сондай-ақ орыс православиелік шіркеуінің жергілікті өкілі Алексей Лазутин Анатольевич және басқа да дін өкілдері өз ойларын білдіріп, тәжірибе алмасты. Кездесу барысында дінаралық диалог, қоғамдағы бейбітшілік пен татулықты нығайту жолдары қаралды.

Іс-шара соңында дін жетекшілеріне Рухани келісім күніне орай алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Айта кету керек, бұл мереке алғаш рет 1992 жылы Алматыда өткен Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінде жарияланған болатын. Сол сәттен бері 18 қазан күні Қазақстанда жыл сайын «Рухани келісім күні» ретінде аталып, халық арасындағы татулық пен келісімді дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шаралар ұйымдастырылады.

Түркістандағы кездесулер дәстүрлі түрде қоғамдағы дінаралық келісімді нығайтып, әртүрлі конфессия өкілдерінің бірлескен іс-қимыл арқылы өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті қолдауға септігін тигізеді.