Түркістанда «Тұран су» мекемесінің өндірістік базасы тексерілді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Тұран су» мекемесінің өндірістік-техникалық базасына барып, жұмыс барысын пысықтады. База 2 гектар аумақта орналасқан және мекеменің 81 арнайы техникасына техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары параболалық лоток өндіретін жаңа өндіріс орнының құрылысымен танысты. Қазір нысан толықтай құрылғылармен жабдықталған, іске қосылуға дайын. Өндіріс орны тәулігіне 30 параболалық лоток шығарады деп жоспарлануда. Бұл құрылғылар арық-атыздарға орнатылып, су шығынын азайту арқылы шаруаларға тиімді су жеткізуді қамтамасыз етеді.
Нұрбол Тұрашбеков нысанды табиғи газбен қамту және қажетті шикізатпен жабдықтау жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Айта кетейік, «Тұран су» мекемесі 2024 жылы облыс аумағында 122,9 шақырым каналды механикалық тазалаудан өткізсе, биыл бұл көрсеткіш 236,7 шақырымға жеткен.