Түркістанда «Ұмай ана» фестивалі өтті: үздік аналар марапатталды

Түркістанда «Ұмай ана» фестивалі өтті: үздік аналар марапатталды
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік шара аналарға арналды
ТҮРКІСТАН – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістанда «Ұмай ана» фестивалі өтті. Іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды.
Фестиваль аясында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы жүзеге асырылып, ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың рөлін дәріптеуге басымдық берілді. Ашылу салтанатында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестивальге облыстың 13 аудан-қаласынан келген 50 жастан асқан аналар қатысты. Үш кезеңнен тұратын сайыс барысында олар топ таныстыру, театрландырылған қойылым және ұлттық тәрбие тақырыбындағы тәжірибе көрсету кезеңдері бойынша өнер көрсетті.
Қазылар алқасы қатысушылардың сөйлеу мәдениеті, шеберлігі, көшбасшылық қабілеті, киім үлгісі мен тіл тазалығына мән беріп, үздіктерді анықтады.
Нәтижесінде Мақтаарал ауданының «Асыл аналар» тобы бірінші орынды иеленсе, Түлкібас ауданынан «Шаңырақ шуағы» екінші, Бәйдібек ауданынан «Домалақ ана» тобы үшінші орынға ие болды.
Бұдан бөлек, Түркістан, Сарыағаш, Созақ, Шардара, Сайрам, Қазығұрт және басқа аудандардың аналар топтары арнайы марапаттармен марапатталды.
Фестиваль соңында жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева мен облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова марапат иелеріне алғыс білдірді.