Түркістанда жазғы кештер әуен мен спортқа толы өтті

Түркістанда жаздың шуақты күндері тек демалыс емес, салауатты өмір салты мен өнердің тоғысқан мерекесіне айналуда. Қалалық әкімдіктің бастамасымен Жібек жолы саябағында кезекті «Жазғы әуен – жүрек үні» атты концерттік кеш өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған мәдени іс-шара қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Концертпен қатар өткен «Жазғы демалыс – спортпен!» атты спорттық ойындар жасөспірімдер мен бүлдіршіндердің белсенділігін арттырып, жазғы демалысты мазмұнды өткізуге мүмкіндік берді.

Шара аясында қала секторларында орналасқан ашық спорт алаңдарында сейсенбі және бейсенбі күндері тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырылады. Жарыс бағдарламасына:

  • асық ату,
  • ләңгі тебу,
  • сүрмерген,
  • секіргішпен секіру,
  • белтемірге тартылу,
  • футбол,
  • стритбол сынды ұлттық және бұқаралық спорт түрлері енгізілген.

7–16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін бұл ойындар дене шынықтырумен қатар, достық пен ынтымақты нығайтуға, әділ бәсекені дамытуға ықпал етеді. Спорттық жарыстарда шеберлік танытқан қатысушылар дипломдар және медальдармен марапатталады.

Түркістан қаласы жаз бойы осындай мәдени-спорттық жобалар арқылы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жастарды белсенді өмірге баулуды жалғастыра бермек.