Түркістанда жүргізушілерге арналған профилактикалық форум өтті

Түркістан қаласында Полиция департаменті мен облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында «Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік» атты кең ауқымды профилактикалық форум өтті. Шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің құқықтық мәдениетін арттыру және жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын қоғамға кеңінен түсіндіру.
Форумға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, құқық қорғау және күштік құрылымдардың басшылары, студенттер, жедел жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ көлік жүргізушілері мен жол ережесін жиі бұзатын азаматтар қатысты.
Іс-шара аясында тәртіп сақшыларының қызметтік автокөліктері, заманауи бейнебақылау камералары және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған техникалық құрал-жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға таныстырылды.
Форум театрландырылған қойылыммен ашылды. Сахналық көріністе мас күйінде көлік басқарудың ауыр салдары, жол апатының адам өміріне тигізетін орны толмас зардабы бейнеленіп, көрермендерге жол ережесін сақтаудың маңыздылығы әсерлі түрде жеткізілді.
Басқосу барысында Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев және Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов баяндама жасап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов өз сөзінде жол-көлік оқиғаларының қоғам үшін аса өзекті мәселе екенін атап өтті.
– Жол-көлік оқиғалары адам өміріне тікелей қауіп төндіреді. Облыс көлемінде жыл сайын 200-ден астам азамат жол апаты салдарынан көз жұмады. Дегенмен қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғаларының саны 5,9 пайызға, қаза тапқандар саны 9,7 пайызға, ал жарақат алғандар саны 16,4 пайызға азайды, – деді ол.
Шара барысында жол қозғалысы ережесін бес жылдан астам уақыт бойы бұзбаған бірқатар жүргізушілерге Полиция департаментінің бастығы мен облыс прокуроры тарапынан арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.
Форум спикерлері қатарында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранова мен республикалық «24 KZ» телеарнасының тілшісі Жандос Жұмабеков сөз сөйлеп, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты статистикалық деректерді ұсынып, профилактикалық жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.
Іс-шара соңында әнші Жігер Ауыпбаев «Бауырым, жолға шықсаң абайлап жүр» әнін орындады. Ән полицейлердің қызметін бейнелейтін арнайы бейнероликпен бірге ұсынылып, көрермендерге жолдағы қауіпсіздіктің әр адам үшін басты құндылық екенін тағы бір мәрте еске салды.





