Түркістандағы инвестициялық серпін: Премьер-Министр кеңесшісі өңірлік жобалармен танысты

Түркістандағы инвестициялық серпін: Премьер-Министр кеңесшісі өңірлік жобалармен танысты,-деп жазады Пресса24.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, өңірдегі ірі инвестициялық жобалармен танысты. Сапар барысында ол Сауран ауданындағы «SPK TURKISTAN» индустриялық паркін аралап, өндіріс барысын бағалады.

Кеңесшінің сапарына облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен «СПК «Түркістан» АҚ басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов қатысып, жобалардың жай-күйі мен даму жоспарлары баяндалды.

Мәртебелі мейман көкөніс пен бакалея өнімдерін маусымаралық кезеңде сақтауға арналған қойманың жұмысымен танысты. 4 мың тоннаға жуық өнімге арналған бұл кешен Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сапар аясында жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын өндіретін «BNK Group» зауыты мен мектептер мен медицина мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Aqniet Holding» кәсіпорны да таныстырылды. «Жайлы мектеп» стандарты бойынша жиһаз өндіру – компанияның басты бағыты.

Сондай-ақ кеңесші «Jasyl Suyq Qazaqstan» кәсіпорнында болып, отандық тоңазытқыш пен мұздатқыш жабдықтарының өндірісімен танысты. Жаңа технологиямен жабдықталған бұл өндіріс орны ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуда.

Сапар қорытындысында Ермек Маржықпаев индустриялық жобалардың ауқымы мен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелеріне оң баға берді.