Түркістандағы терроризмге қарсы жиын: ресми формат, бейресми қауіп

Түркістан облысында терроризм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған комиссия отырысы өтті. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен бұл жиын ресми жоспармен шектелмей, еліміздегі ең өзекті қауіптердің бірі — діни радикализмге қарсы күрес мәселесін қайта көтерді.
Кезекті жиынға облыстағы құзырлы органдардың жетекшілері, аудан мен қала әкімдері, жауапты департаменттер мен қауіпсіздік құрылымдарының өкілдері қатысты. Бірақ бас қосу — жай ғана хаттама орындау ма, әлде нақты қауіпке тосқауыл қою әрекеті ме?
Жиында жасөспірімдер мен жастар арасындағы деструктивті діни ағымдардың таралуы, әлеуметтік желі арқылы уланған сана, тәуекел топтармен жұмыстың әлсіз тұстары ашық айтылды. Комиссия мүшелері «жастар иммунитеті» деген ұғымды талқылай отырып, қоғамда қалыптасып келе жатқан діни фанатизмге қарсы нақты ақпараттық әрі идеологиялық тосқауылдар керектігін баса айтты.
Терроризмге қарсы мемлекеттік жүйенің қағаз жүзінде емес, нақты әрекетпен жұмыс істеуіне басымдық берілді. Отырыста нақты ұсыныстар айтылып, жүйелі шешімдер әзірленгенімен, басты сұрақ жауапсыз қалды: бұл профилактика қаншалықты пәрменді?
Қоғамда радикализм тамыр жайса, шенеуніктердің бір реттік баяндамасы мен жоспар бекітумен шектелу — қауіптің алдын алу емес, көзбояушылыққа айналып кетуі мүмкін.