Түркістандағы «Жасыл белдеу» жобасы қарқынды дамып келеді

Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған «Жасыл белдеу» жобасы аясында көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Бірлік алқабындағы жұмыстармен танысып, «Жасыл аймақ» мекемесіне қарасты орман тұқымбағы мен жылыжайларды аралады. Өңір басшысы жауапты мамандарға суару жүйесін жетілдіріп, ағаш көшеттеріне күтімді күшейтуді тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы басталған бұл жоба аясында Түркістан қаласының айналасынан бүгінге дейін 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қорына берілді. Оның ішінде Түркістан қаласына – 2 852 га, Сауран ауданына – 19 362 га, ал Отырар ауданына – 7 330 га тиесілі.

2019–2024 жылдары аралығында 18 071 гектар жерге түрлі жапырақты және сексеуіл ағаштары егілді. Жапырақты ағаштар 8 337 гектарға, ал сексеуіл екпелері 9 734 гектарға отырғызылған.

Орман алқаптарын суару үшін 237 ұңғыма қазылып, «Арыс-Түркістан» каналы, «Қосқорған» су қоймасы мен Қарашық өзенінен су тарту жүйелері іске қосылған. Қазіргі таңда аумақтың 90%-ына электр желісі тартылып, үздіксіз суару мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Қалған бөлігінде дизель және бензинді мотопомпалар қолданылады.

Сонымен қатар, 100 гектар аумақта тұрақты, 20 гектар аумақта уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылған. Жаңа үлгідегі тұқымбақта 6 жылыжай, тамшылатып суару жүйесі, жылыту қазандығы, көлеңкелік аумақ пен орманшылар үйі салынған.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, жоба аясындағы жұмыстар өңірдің жасыл қорын арттырып қана қоймай, ауа сапасын жақсартуға және шаң-тозаңның таралуын азайтуға елеулі үлес қосады.