ТҮРКІСТАНДЫҚ БАЛУАНДАР АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА ТАБЫСТЫ ӨНЕР КӨРСЕТТІ 

 

Манама қаласында (Бахрейн) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында түркістандық балуандар ел мерейін асқақтатты.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында сынға түскен Бекасыл Асамбек 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды. Финалда жерлесіміз Солтүстік Корея елінің балуаны Хун Юмен белдесіп, 4:1 есебімен айқын жеңіске жетті. Осылайша, Түркістан облысының жас спортшысы алтын медаль иегері атанып, ел намысын абыроймен қорғады.

Сондай-ақ, еркін күрестен 45 келі салмақта бақ сынаған тағы бір түркістандық спортшы — Ағабек Бақдаулет те үздіктер қатарынан көрінді. Қола үшін болған шешуші белдесуде ол Жапония өкілімен күресіп, 3:2 есебімен басым түсті.

Бұл жеңістер — өңір спортшыларының жоғары дайындық деңгейі мен түркістандық балуандар мектебінің нәтижелі еңбегінің айғағы.