Түркістандық делегация Ташкентте өзбек инвесторларымен меморандумға қол жеткізді

Ташкент қаласында өткен ТМД Экономикалық кеңесінің 105-ші отырысы мен ТМД-ға мүше мемлекеттердің алғашқы Аймақтар форумында Түркістан облысының делегациясы бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойды.
Форумға Қазақстан тарапынан ТМД Экономикалық кеңесіндегі тұрақты өкіл Бекетжан Жұмаханов, Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, сондай-ақ Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов және еліміздің 50-ге жуық табысты компания өкілдері қатысты.
Форум аясында бірқатар маңызды бағыттарды қамтитын тұжырымдамалар мақұлданды. Атап айтқанда:
- Әуе қозғалысын ұйымдастыруды үйлестіру;
- Халық денсаулығын сақтау;
- Жеңіл өнеркәсіп пен ауыр машина жасау саласындағы ынтымақтастық.
Сондай-ақ, өңіраралық экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту мақсатында агроөнеркәсіп, инвестициялық жобалар, сауда-саттық салалары бойынша «BMB Holding» және «Uz Trade» компаниялары өкілдерімен кездесулер өтті.
Іс-шара соңында Түркістан өңірі үшін маңызды құжат — Жетісай ауданы әкімдігі мен «Samarkand Irrigation System» компаниясы арасындағы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат суару жүйелерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу және инвестиция тарту салаларында екіжақты ынтымақтастықты көздейді.