ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ (WTA) – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ АЛЬЯНСЫ ҚҰРАМЫНА ҚОСЫЛУ ТУРАЛЫ КЕЛІССӨЗ ӨТКІЗДІ

ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ (WTA) – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ АЛЬЯНСЫ ҚҰРАМЫНА ҚОСЫЛУ ТУРАЛЫ КЕЛІССӨЗ ӨТКІЗДІ

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Ханчжоу қаласында жалғастырып, World Tourism Alliance (WTA) – Халықаралық туризм альянсының басшылығымен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Түркістанның туристік әлеуетін талқылап, халықаралық туристік серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Түркістан облысының Туризм басқармасы WTA ұйымына мүшелікке өту үшін ресми өтінім тапсырды. Альянс басшылығы бұл бастаманы қолдап, қабылдау 2025 жылдың күзінде өтетінін растады.

Халықаралық деңгейде бұл қадам өңірдің жаһандық туристік картадағы орнын нығайтып, шетелдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді. WTA платформасында Түркістанның мәдени мұрасы мен киелі орындары таныстырылады, инвестициялық жобалар алға жылжытылып, туризм саласындағы үздік тәжірибе алмасу жолдары кеңейеді. Зұлпыхар Жолдасов Еуразиялық туризм ассоциациясымен бірлесе отырып, WTA ұйымының мүшелерін облыста қарсы алуға дайын екенін жеткізді.

World Tourism Alliance (WTA) – әлемдік туризм саласында ықпалды коммерциялық емес ұйым. 2017 жылы Ханчжоу қаласында құрылған бұл ұйым әлемнің 40-тан астам елінен 150-ден аса ұйымды біріктіреді. Оның құрамына ұлттық туризм басқармалары, туристік агенттіктер, ғаламдық корпорациялар, ғылыми-зерттеу орталықтары және туристік БАҚ өкілдері кіреді.

WTA мүшелігі Түркістан облысына халықаралық форумдар мен көрмелерге қатысуға, сонымен бірге әлемдік туризм трендтерін ескеріп, өңірдің туристік стратегиясын жетілдіруге кең мүмкіндіктер ашады.