Түркістанның «Конгресс холл» ұжымы Алматыда өнер көрсетті

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің өнер ұжымы гастрольдік сапармен Алматы қаласына барып, оңтүстік астананың көрермендеріне Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиялық спектаклін ұсынды. Бұл туралы кешен басшысы Асқар Кенехан брифинг барысында мәлімдеді.

Асқар Оразханұлының айтуынша, «Jana lep» театры жыл басынан бері бірқатар ауқымды қойылымдарды сахналап, көрермендердің ықыласына бөленіп келеді. Алматыдағы гастрольдік қойылым да сәтті өтіп, көрерменнің жоғары бағасын алды. Спектакльді қазақ театр өнерінің мэтрі Асанәлі Әшімов арнайы келіп көріп, жас актерлерге батасын берген. Сонымен қатар, өнер сапарына жаңадан құрылған «Alqonyr» фольклорлық ансамблі мен «Samgau» би ансамблі де қатысып, алматылықтардың қошеметіне бөленді.

«Алдағы уақытта облыс аудандарына шығармашылық сапарлармен шығуды жоспарлап отырмыз», – деді кешен басшысы.

Брифинг барысында театрдың жас әртісі Бағдат Нысанбай гастрольдік сапардың әсерімен бөлісіп, бұл тәжірибе олардың кәсіби шеберлігін арттыруға үлкен сеп болғанын атап өтті.