ТҮРКИЯЛЫҚ ORZAX КОМПАНИЯСЫ ТҮРКІСТАНДА $40 МИЛЛИОНДЫҚ ЗАУЫТ САЛАДЫ

Түркияның жетекші фармацевтикалық компаниясы ORZAX Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) шығаратын ірі өндірістік кешен салуға ниет білдірді. Жобаның жалпы құны – 40 млн АҚШ доллары.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен компания басшылығы арасындағы кездесуде өндірісті «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналастыру мәселесі талқыланды. Бұл жоба инвесторға жеңілдетілген салық және әкімшілік шарттар арқылы тиімді өндіріс орнын ашуға мүмкіндік береді.
📦 Кешен іске қосылғаннан кейін жылына 35 млн қорап өнім шығару жоспарлануда. Сонымен қатар, 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарға тұрақты табыс көзі ұсынылады.
🛠 Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталып, 2026 жылдың соңына дейін зауыт толық іске қосылады деп күтілуде.
🗣 «Түркістан – ашық әрі серіктестікке дайын өңір. Бауырлас елдің ірі компаниясы бізге келіп, осындай ауқымды жобаны жүзеге асыруға ниетті болуы – үлкен мүмкіндік. Бұл жоба өңірдің экономикасына серпін беріп, жүздеген азаматты жұмыспен қамтиды. Біз толық қолдау көрсетеміз», – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
🌿 ORZAX – табиғи ингредиенттер негізінде пробиотиктер, өсімдік экстрактылары, Омега-3, дәрумендер, минералдар және коллагендер өндіретін Түркиядағы жетекші компания. Қазіргі таңда 100-ден астам өнім түрін шығарып, әлемнің 50-ден астам еліне экспорттайды. Компания Түркиядағы рецептсіз берілетін өнімдер нарығында көшбасшы саналады.