ҮШҚАЙЫҚТА ӨНДІРІСТІК СЕРПІН: САУРАНДА ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ ҚАЛЫПТАСУДА

 

Сауран ауданының экономикалық картасында жаңа өндірістік нүкте пайда болмақ. Үшқайық ауылдық округінде 18 гектар аумақты қамтитын индустриялық аймақтың құрылысы қарқын алып келеді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аталған аумаққа арнайы барып, құрылыс алаңындағы жұмыстардың жай-күйімен танысты.

Алғашқы болып іргетасы қаланған жобалардың бірі — жиһаз өндіретін кәсіпорын. Бұл нысан іске қосылған соң жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ұсынылып, өңірдің ішкі нарығын сапалы отандық өніммен қамтуға үлес қоспақ.

Кездесу барысында аудан басшысы кәсіпкерлермен пікір алмасып, өндірісті дамыту жолындағы түйткілді мәселелер мен әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын пысықтады. Атап айтқанда, инфрақұрылыммен қамту — яғни су, электр және жол жүйелерін тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, құжат рәсімдеу, рұқсат алу сынды бюрократиялық үдерістердің оңтайландырылатыны айтылды.

Жаңа аймақтың ашылуы өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, салық түсімін көбейту, халықтың әл-ауқатын жақсарту сынды бірқатар әлеуметтік-экономикалық тиімділіктерге жол ашады.

🗣 «Біз үшін шағын және орта кәсіпкерлік — экономиканың тірегі. Үшқайықтағы индустриялық аймақ сол тіректі нығайтатын негізгі бастамалардың бірі», – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.