Ясауи университетінің үздік түлектері Түркістан төрінде құрметке бөленді

Ясауи университетінің үздік түлектері Түркістан төрінде құрметке бөленді
Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің үздік түлектеріне арналған салтанатты рәсім өтті. «Aq Jol, Yasawi túlegi – 2025» атауымен ұйымдастырылған іс-шарада білім мен қоғамдық белсенділік бағытында көзге түскен студенттер марапатталды.
Биыл университет қабырғасынан 1800-ден астам түлек үлкен өмірге қадам басып отыр. Олардың арасынан іріктелген 300-ге жуық студентке құрмет грамоталары мен дипломдар тапсырылды. Ерекше жетістіктерімен дараланған 30 түлекке марапатты университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректордың Түркия тарапынан өкілі міндетін атқарушы Наджи Генч салтанатты түрде табыс етті.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, ҚР Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы әрі университеттің 1996 жылғы түлегі Айжан Көлбаева, Түркияда табысты бизнес жобаларымен танылған 2004 жылғы түлек Айдемир Гүлтекин, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен ата-аналар қатысты.
Салтанат барысында студенттерге тек диплом емес, сонымен бірге болашаққа сенім де табысталды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жанынан құрылған «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебін тәмамдаған жас мамандарға арнайы сертификаттар берілді.
Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш қонағы – белгілі әнші Дастан Оразбек сахнада өнер көрсетіп, түлектер мен ата-аналарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Халықаралық мәртебесі бар білім ордасы жыл сайын түлектерінің жаңа буынын тәрбиелеп, ел дамуына үлес қосып келеді. Түлектер кеші – осы еңбектің айқын көрінісі.





