Жастар жұмыссыздығы: ресми дерек пен шынайы ахуалдың айырмашылығы талқыланды

Астанада еңбек нарығындағы жастардың жағдайына арналған келелі талқылау өтті. «AMANAT» партиясының Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңесі өткізіп отырған жиында еліміздегі жұмыссыздық көрсеткіші мен нақты нарықтағы ахуал арасындағы айырмашылық басты назарға алынды.

Ұлттық статистика бюросының ресми дерегінде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш бойынша республикада 451 мыңнан астам азамат жұмысы жоқ саналады. Алайда еңбекке қабілетті 11,5 миллион адамның жартысына жуығы ресми түрде еңбекке тартылмаған немесе тіркелмеген жұмыспен айналысады. Сарапшылардың айтуынша, бұл дерек еңбек нарығындағы жасырын жұмыссыздық пен бейресми жұмыспен қамтудың әлі де кең таралғанын көрсетеді.

Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы аясында өткен басқосуда еңбек нарығындағы бұл теңгерімсіздікті жоюға бағытталған жаңа тәсілдер талқыланды. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, партия жанындағы «Жастар Рухы» жастар ұйымының мүшелері және еңбек саласын бақылап жүрген сарапшылар қатысты.

Жиынның ашылуында Мәжіліс депутаты әрі кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев еңбек нарығындағы ресми дерек пен нақты жағдайдың арасындағы алшақтық жас ұрпақ үшін негізгі проблемалардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастарды оқытып, жұмысқа орналастыруға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі үнемі жоғары дей алмайды. Бұл бағдарламалардың нәтижесі аймақтарда әртүрлі деңгейде көрінеді, ал кей жағдайда олардың формалды түрде орындалуы жастардың нақты жұмыс табуына ықпал етпейді.

Сондай-ақ, жиында бейресми секторда жүрген 5,2 миллион азаматтың жағдайы сөз болды. Сарапшылар бұл санатқа көбіне жастар мен студенттер кіретінін, олар әлеуметтік кепілдіктерден және ресми табыстан тыс қалып қоятынын айтты. Бейресми еңбекке жүгіну – жұмыс табудың оңай жолы болғанымен, оның ұзақ мерзімді тәуекелі көп: әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспау, тұрақты табыстың болмауы және кәсіби біліктіліктің ресми мойындалмауы.

Кеңес отырысында жастардың еңбек нарығына бейімделуі үшін қандай қолдау қажет екеніне қатысты бірнеше ұсыныс айтылды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыру, дуальды оқыту жүйесін заманауи талаптарға бейімдеу, колледж түлектерін тікелей өндіріс орындарына бағыттау және кәсіби бағдар беру тетіктерін күшейту жөнінде бастамалар көтерілді.

Жиынға қатысқан сарапшылардың айтуынша, елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін еңбек нарығының ашықтығын арттыру, жасырын жұмыспен қамту үлесін азайту және жастарға қолжетімді ақпараттық кеңес беру жүйесін дамыту маңызды. Сонымен қатар, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар арасында кадр даярлау мәселесінде нақты серіктестік орнату қажеттігі атап өтілді.

Талқылау соңында қатысушылар ресми статистика мен қоғамдағы шынайы жағдайдың арасындағы айырмашылықты жою — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналуы тиіс деген ортақ пікірге келді. Жастар үшін сапалы жұмыс орындарын қалыптастыру, олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау – алдағы жылдағы негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.