ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ: ҮШ ЖЫЛДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ӨСІМ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІН

Соңғы үш жылда Жетісай ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша айқын өсім қалыптасты. Экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жүйелі саясат нақты нәтижелерін беруде.
Аудан экономикасының басты индикаторы саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылғы 160,7 млрд теңгеден 2025 жылы 267,2 млрд теңгеге дейін өсіп, ауданның өндірістік және экономикалық әлеуетінің едәуір артқанын көрсетті. Өнеркәсіп саласында да оң динамика сақталып, өндірілген өнім көлемі 17,9 млрд теңгеден 24,7 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өңірде өндірістік қуаттардың кеңейіп, жаңа кәсіпорындардың іске қосылып жатқанын аңғартады.
Өңдеу өнеркәсібі аудан экономикасының маңызды тіректерінің біріне айналды. Егер 2022 жылы бұл салада 15 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, 2025 жылы аталған көрсеткіш 19,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Өңдеу секторындағы өсім қосылған құны жоғары өнім үлесін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.
Инвестициялық белсенділік те айтарлықтай күшейді. Соңғы үш жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 15 млрд теңгеден 46,8 млрд теңгеге жетіп, үш еседен астам артты. Бұл – ауданның инвесторлар үшін тартымды екенін және қолайлы іскерлік орта қалыптасқанын білдіреді.
Ауыл шаруашылығы саласы Жетісай ауданы экономикасының дәстүрлі әрі стратегиялық бағыты болып қала беруде. 2022 жылы салада 105,7 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, 2024–2025 жылдар қорытындысында бұл көрсеткіш 119,4 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығындағы өсім еңбек өнімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және су үнемдеу тәсілдерін қолдану нәтижесінде қамтамасыз етілуде.
Құрылыс саласында да қарқын байқалады. 2022 жылы ауданда 8,9 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылса, 2025 жылы бұл көлем 22,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Тұрғын үй құрылысы да белсенді жүргізіліп, соңғы үш жылда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,1 есеге артты. Нәтижесінде кезекте тұрған 240 тұрғынға жаңа баспана кілті табысталды.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында газдандыру жұмыстары ерекше қарқын алды. 2022 жылы 105 елді мекеннің 56-сы ғана табиғи газға қосылған болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 92 елді мекенге жетіп, газбен қамтылған ауылдардың үлесі 87,6 пайызды құрады. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, экологиялық жағдайдың жақсаруына да оң әсер етуде.
Жол инфрақұрылымын жаңарту да басым бағыттардың бірі болды. Соңғы үш жылда аудан аумағында жалпы ұзындығы 182,97 шақырым жол жөнделді. Атап айтқанда, 2023 жылы – 70,5 шақырым, 2024 жылы – 59,27 шақырым, 2025 жылы – 53,2 шақырым жол жаңғыртылды. Бұл көлік қатынасының жақсаруына және елді мекендер арасындағы байланыс сапасының артуына мүмкіндік берді.
Өнеркәсіптік әлеуетті күшейту мақсатында құрылған индустриялды аймақ пен өндірістік парк те аудан дамуына серпін беріп отыр. Қазіргі таңда индустриялды аймақта жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын 9 жоба, ал өндірістік паркте 210 млн теңгенің 5 өндіріс орны іске асырылуда. Бұл жобалар толық қуатында жұмыс істеген кезде 1200-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Жетісай ауданындағы соңғы үш жылдағы көрсеткіштер – жоспарлы жұмыстың, тиімді басқарудың және мемлекеттік қолдау тетіктерін дұрыс пайдаланудың нақты нәтижесі. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.





