Жетісайда экологиялық сенбілікке мыңға тарта тұрғын жұмылдырылды

Жетісайда экологиялық сенбілікке мыңға тарта тұрғын жұмылдырылды,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Түркістан облысының Жетісай ауданында жаңа жылды экологиялық жауапкершілікпен қарсы алған тұрғындар жаппай тазалық акциясын өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл сенбілікке аудан бойынша мыңға жуық адам қатысқан.
Тазалық шарасына мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері, белсенді жастар мен еріктілер атсалысты. Жұмыстарды атқару үшін 20 бірлік арнайы техника тартылып, нәтижесінде 18 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық арнайы белгіленген полигондарға жеткізілді.
Сенбілік барысында аудан аумағындағы негізгі автожолдардың бойы, саябақтар мен демалыс орындары, адам көп жиналатын қоғамдық кеңістіктер және көпқабатты тұрғын үйлердің айналасы тазартылды. Қоқыстан арылған аумақтар ретке келтіріліп, жасыл желектерге күтім жасалды. Бұл өз кезегінде елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізді.
Ауқымды шараға аудан әкімі Серік Мамытов та қатысып, тұрғындардың белсенділігіне оң бағасын берді. Оның айтуынша, тазалықты сақтау – тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
– Осындай бірлескен сенбіліктер тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттырады. Бүгін аудан бойынша мыңға жуық адам ұйымшылдық танытып, ортақ іске үлес қосты. Бұл – таза әрі жайлы орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта да мұндай жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады, – деді аудан басшысы.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық шаралар өңірде жүйелі түрде өткізіліп, тұрғындарды табиғатты қорғауға бейжай қарамауға үндей береді.





