ЖЕТІСАЙДА КӨШПЕЛІ ҚАБЫЛДАУ: ХАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ – НАЗАРДА

ЖЕТІСАЙДА КӨШПЕЛІ ҚАБЫЛДАУ: ХАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ – НАЗАРДА
Ынтымақ ауылдық округінде азаматтардың ұсыныс-тілектері тыңдалды

Жетісай ауданында «AMANAT» партиясы аудандық филиалы мен аудан әкімдігінің бірлескен жоспарына сәйкес, көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Бұл жолғы қабылдау Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Өркенді және Талапты елді мекендерін қамтыды.

Қабылдауға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы Әлмеш, аудандық мәслихат депутаттары Жантөре Нұрмұхамедов пен Бекет Ділдәбаев, сонымен қатар бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Ауыл тұрғындары елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, көше жарығы, жол жөндеу, балалар алаңшасы мен спорт инфрақұрылымдарын дамыту, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қажетті жол белгілері мен жол кедергілерін орнату сынды өзекті мәселелерді көтерді.

Тұрғындар өтініштеріне орай сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Заң шеңберінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кезек күттірмейтін мәселелер жедел шешімін табатыны айтылды. Ал зерделеуді қажет ететін ұсыныстар бойынша арнайы жұмыс жоспары құрылмақ.

Мұндай ашық диалог алаңдары халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді уақытылы шешуге мүмкіндік береді.