Жетісайда мәдениет пен өнер майталмандары төл мерекесін атап өтті

Жетісай ауданында 21 мамыр – Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күніне орай орталық саябақта мазмұнды мәдени шара ұйымдастырылды. Бұл күні сахна мен салт-дәстүрді ардақ тұтқан мәдениет қызметкерлерінің еңбегі лайықты құрметке ие болды.
Іс-шараға ауданға қарасты қала, кент, ауылдық округтердегі мәдениет үйлерінің өкілдері мен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы қатысты. Шара барысында сахна төрінде ән мен би әуелеп, ұлттық өнер мен рухани мұрамызды ұлықтаған қойылымдар көрермен көңілін баурады.
Аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов:
«Мәдениет – ел руханиятының өзегі. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында ұлттың рухани коды сақталып келеді. Бұл – ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік», – деп атап өтіп, сала үздіктерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік шарада сахнада өнер көрсеткен талантты жастар мен тәжірибелі өнер иелері көрермендер ықыласына бөленді. Ұлттық мәдениетті дәріптеу, жас буынды өнерге баулу және мәдени мұраны ұрпаққа жеткізу – осы кештің негізгі өзегі болды.
«AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиал төрағасы Асқар Қайназаров та мерекелік жиынға қатысып, мәдениет майталмандарына ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Кеш соңында жергілікті өнерпаздардың ән-шашуы мен билері көпшілікке ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.





