Жетісайда мемлекеттік қызмет сапасын жетілдіруге арналған құқықтық семинар өтті

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Сол жоспардың аясында өтініштердің қаралуын бақылау бөлімі басшысы Айдана Амирбекқызы бекітілген кесте бойынша кезекті құқықтық оқыту семинарын Жетісай ауданында өткізді. Шара аудан әкімі аппаратының басшысы Есенкелді Әшірханұлының жетекшілігімен өтті.
Семинарға қала, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдердің басшылары, мемлекеттік мекемелердің жауапты мамандары қатысып, азаматтардың өтініштерін қарау тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу ресми баяндамадан гөрі пікір алмасуға басымдық берілген еркін форматта ұйымдастырылып, қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды.
Айдана Амирбекқызы жиын барысында ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптары, «E-Otinish» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктері мен онда жиі кездесетін қателер туралы жан-жақты түсіндірді. Мемлекеттік қызметшілердің өтініштерді қарау барысындағы жауапкершілігі, құжат айналымы, мерзімдердің сақталуы, арыз иелерімен кері байланыс орнату тәртібі – семинардың негізгі тақырыптары болды.
Баяндамашының айтуынша, мемлекеттік қызметшілер арасында жүйеде жиі кездесетін кемшіліктер әлі де бар. Атап айтқанда:
– өтініш иесімен алдын ала жауапты келісу деректері жүйеге енгізілмейді;
– тыңдау жүргізу немесе түсіндіру жұмыстарын өткізу фактілері тіркелмейді;
– өтініш берушілерге толық әрі нақты ақпарат берілмегендіктен, азаматтар сол мәселеге қайта-қайта жүгінеді.
Бұл жағдай мемлекеттік органдарға деген сенімге тікелей әсер ететіндіктен, әрбір бөлім басшысы мен маман мұндай олқылықтарды болдырмауға міндетті екені баса айтылды.
Семинарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де кеңінен талқыланды. Қызметтік міндеттерді орындауда ашықтық пен адалдықты сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста дұрыс этикалық ұстанымда болу, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану – мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыратын негізгі критерийлер екені ескертілді. Айдана Амирбекқызы мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық позициясы мен жеке жауапкершілігі күшейген кезде ғана жүйенің жұмыс сапасы арта түсетінін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар нақты мысалдар келтіріп, тәжірибеде жиі кездесетін күрделі жағдайлар бойынша сұрақтар қойды. Әрбір сұрақ жеке талданып, мәселені шешудің заңға сәйкес жолдары түсіндірілді. Семинар мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасын арттыру, өтініштерді қарау тәртібін жүйелеу және мемлекеттік аппараттың тиімділігін жоғарылатуға бағытталған ұсыныстар қабылдаумен аяқталды.
Жиын қорытындысында азаматтардың өтініштеріне уақытылы және сапалы жауап беру – мемлекеттік қызметкердің кәсіби мәдениетінің маңызды бөлігі екені атап өтілді. Мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған мұндай семинарлар алдағы кезеңдерде де жалғасын табады.





