ЖЕТІСАЙДА МЕРЕКЕ АЯСЫНДА ДЕМАЛЫС САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

Тарих төрінен орын алған соғыстың соңғы оғының атылғанына 80 жыл толу мерей тойын жоғары деңгейде атап өту аясында Ынтымақ ауылдық округінің Ақниет елді мекенінде ауыл азаматтарының демеушілігімен «Ахан ата» ардагерлер демалыс саябағы ашылды.
Аумағы 0,28 гектарды құрайтын саябақта зұлмат жылдарда жеңісті жақындату үшін өмірлерін қиып, қан майданға аттанған еліміздің берік қорғанындай болған батырлары мен еңбек майданында белі жазылмай тер төккен тыл ардагерлерінің есімдері қашалып жазылған мәрмар тақтайшалар орнатылып, келушілерге арналған демалыс орындары мен гүлзарлар қарастырылған.
Құны 18 млн теңгені құрайтын демалыс саябағының салтанатты ашылу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен есімдері елге үлгі болған ардагерлердің алыс-жақын ағайын-туыстары, қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері қатысты. Дүниеден өткендердің рухтарына құран бағышталып, ас берілді.
«Жанқиярлықпен ел қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым ететін, фашизмді жеңген ерлердің ерен ерлігін жадымызда жаңғыртатын «9 мамыр – Жеңіс күні» мерекесі баршаңызға құтты болсын!
Төл тарихымызда ерекше орын алатын бұл мереке өскелең ұрпақ үшін отансүйгіштіктің, көзсіз ерліктің, тынымсыз еңбектің үлгісі болып қала береді.
Игі бастаманың жүзеге асуына атсалысқан баршаңызға шынайы алғысымды білдіре отырып, деніңізге саулық, отбасыларңызға береке-бірлік, атқарып отырған қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін!» деген аудан басшысы бірқатар азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.
Сонымен қатар, шара барысында саябаққа есімі берілген Ахан Таңжарұлының қызы Ажар Аханқызының «Өрісті өнеге» кітабының тұсауы кесіліп, «Ахан Таңжарұлының туғанына 120 жыл» төсбегісі тапсырылды. Кітапта жастайынан еңбекке араласып, ел мен жердің тұтастығы жолында еңбек еткен Ахан Таңжарұлының өмірбаяны мен еңбек жолы, шежіресі, ел ағалары мен жас ұрпақтың арасындағы сабақтастық мәселелері қамтылған.
Айта кетейік, демалыс саябағына орнатылған ескерткіш тақтайшаларда Ақниет ауылынан шыққан 9 тарихи тұлға мен 62 Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлерінің, 44 тыл ардагерінің есімдері қашалып жазылған.