Жетісайда өткен аппарат мәжілісінде өзекті мәселелер сараланды

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтіп, онда ауданның бірқатар салаларындағы түйткілді мәселелер мен атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жүргізілді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ, кент, қала әкімдері, квазимемлекеттік мекеме жетекшілері мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Мәжілісте алдымен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишев сөз алып, заңсыз салынған құрылыстарды жою бағытында жүргізілген жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 1500 орындық мектептің құрылыс барысы мен инфрақұрылым мәселелеріне тоқталды.
Келесі кезекте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Жақсыбай Әміре аудан аумағындағы санитарлық тазалық, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жүзеге асырылуы мен сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары жайында есеп берді.
Агросектор мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков ағын суды үнемдеп пайдалану, көктемгі егіс жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, жеңілдетілген дизель отынының жеткізілуі, игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару мәселелері төңірегінде баяндама жасады.
Мәжіліс соңында нақты ұсыныстар айтылып, проблемалық салалар бойынша бірқатар сұрақтар қойылды. Оларға тиісті сала басшылары жауап беріп, шешу жолдарын ұсынды. Берілген тапсырмалардың мерзімді әрі сапалы орындалуын бақылау аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязовқа жүктелді.