Жетісайда соңғы қоңырау – жаңа өмірге бастар қадам

Жетісайда мектеп бітірушілер үшін бүгін есте қалар күн болды. Мыңдаған жас түлек үшін соңғы қоңырау сыңғыры балалықпен қоштасып, болашаққа жол ашатын сәттің белгісіне айналды.

Салтанатты рәсім №6 Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында ерекше сән-салтанатпен өтті. Іс-шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш, «AMANAT» партиясының аудандық филиал төрағасы Асқар Қайназаров, Түркістан облысы білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің бас маманы Серік Пахымбет, аудандық білім бөлімінің өкілдері және мектеп ұстаздары қатысты.

Осы күні мектеп директоры ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік мектеп – 2025» марапатын иеленді. Бұл марапат – білім ұжымының көпжылдық еңбегіне берілген әділ баға.

Мектеп биылғы оқу жылын 2200 оқушымен аяқтап отыр. Олардың ішінде 69 түлек 11-сыныпты, 182 оқушы 9-сыныпты тәмамдауда. 11-сынып бітірушілерінің 26-сы «Алтын белгіге», 10-ы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ал 9-сынып оқушыларының 43-і үздіктер қатарында.

Мектеп директоры Шохан Нұрбековтің айтуынша, соңғы 20 жылда бұл білім ордасынан 1400-ден аса түлек түлеп ұшқан. Олардың 485-і «Алтын белгі» иеленсе, 1067-сі мемлекеттік грант иегері атанған. Бұл – мектеп ұжымының табанды еңбегінің жемісі.

Аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш түлектерге:
«Қымбатты жас түлектер, өмір жолыңызда әрдайым білім мен еңбек серігіңіз болсын. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Сенімімізді ақтайсыздар деп білеміз!» – деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

«AMANAT» партиясының өкілі Асқар Қайназаров ұстаздардың тынымсыз еңбегін ерекше атап өтіп, түлектерге жарқын болашақ тіледі.

Мектепте 88 сынып, заманауи жабдықталған пән кабинеттері, кітапхана, спортзал мен асхана жұмыс істейді. Бұл – оқушылардың жан-жақты дамуына жасалған жағдай.

Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 3111 оқушы 11-сыныпты аяқтаса, олардың 217-сі «Алтын белгіге», 236-сы «Үздік аттестатқа» үміткер. Сонымен қатар, 3980 оқушы 9-сыныппен қоштасып, 4120 оқушы бастауышты тәмамдауда. Келер оқу жылында 3200-ден астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттамақ.