ЖЕТІСАЙДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ШЕҢБЕРІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР ҚАРҚЫН АЛУДА

ЖЕТІСАЙДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ШЕҢБЕРІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР ҚАРҚЫН АЛУДА
Қоршаған ортаны қорғау – ұрпақ болашағына деген қамқорлық
Жетісай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бірқатар игі істер қолға алынып, ауданның тазалығы мен көркейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Көшелер кеңейтіліп, жарық шамдары орнатылуда. Арық-атыздар мен қашыртқылар тазаланып, аудан тұрғындары туған жерінің көркеюіне өз үлесін қосуда. Қоғамдық ұйым өкілдері, жастар мен белсенді азаматтар сенбіліктерге атсалысып, туған өлкенің табиғатын сақтауға үлгі боларлық іс жасап жүр.
Аудандық сенбілікке мыңға жуық адам қатысып, оның 200-і – мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ал 800-ден астамы – еріктілер мен тұрғындар.
«Тазалық – саулық негізі. Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың борышы. Біз тазалықты өз ауламыздан бастасақ, бұл өскелең ұрпаққа да өнеге болады. Сондықтан сенбілік жұмыстарында баршаның белсенділік танытуы – ауданымыздың абаттануына, экологиялық сананың қалыптасуына зор үлес», – деді аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов.
Жетісай өңірінің экологиялық мәдениеті күн санап артып келеді. Тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.