Жетісайда тазалықты сақтау мақсатында қосымша 53 арнайы техника алынуда

Жетісайда тазалықты сақтау мақсатында қосымша 53 арнайы техника алынуда
Жетісай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында ауқымды сенбілік өтті. Аудан көлемінде санитарлық тазалықты жүйелі ұйымдастыру және экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы бұл шараға 3000-ға жуық тұрғын, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен ерікті жастар қатысты.
Тазалық жұмыстарына 20 арнайы техника тартылып, облыстық және аудандық маңызы бар жол бойлары, ішкі көшелер, арық-атыздар, саябақтар мен скверлер қоқыстан тазартылды. Нәтижесінде 30 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылып, ағаш түптері әктелді.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов тазалық жұмыстарының маңызын атап өтіп:
«Сенбіліктер – бұл жай ғана тазалық емес. Бұл – ұрпақ санасына еңбекке деген құрмет пен табиғатқа жанашырлық сезімін сіңірудің жолы. Біз әрбір жасты, әрбір тұрғынды осы игі іске бейімдеуіміз қажет», – деді.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы санитарлық ахуалды жақсарту мақсатында қосымша 53 арнайы техниканың сатып алынатыны белгілі болды.
Тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға жауапкершілікпен қарауы қажеттігі әр ауыл мен елді мекенде өтетін жиындарда айтылып келеді. Ауыл ақсақалдары мен белсенді азаматтар үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ұрпақ тәрбиесіндегі тазалықтың рөлін алға тартуда.