Жетісайда Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагеріне мерекелік құрмет көрсетілді

Жетісай ауданында Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының жалғыз көзі тірі ардагері Петр Кузьмич Папковқа арнайы құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен аудан әкімі Серік Мамытов қатысып, соғыс ардагерін Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.
1925 жылы Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген Папков Петр Кузьмич 1942 жылы әскер қатарына алынып, 73-гвардиялық армия құрамында шайқасқа қатысқан. Киев, Бухарест, Венгрия бағытындағы ұрыстарда ерлік көрсеткен ол, соғыстан кейін ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге белсене атсалысты. Еңбек жолында тракторшы болып тер төгіп, зейнетке шыққанша адал еңбегімен көзге түсті.
Мерекеге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің арнайы құттықтаулары тапсырылып, 5 миллион теңгенің сертификаты және мерекелік сый-сияпат табыс етілді.
Сонымен қатар, Ұлы Жеңіс мерекесі аясында ауданда бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары да жүзеге асырылды:
- Соғыс ардагерлерінің екінші рет некеге тұрмаған 5 зайыбына – 20 АЕК мөлшерінде,
- Соғыс және еңбек ардагері ретінде танылған 245 тыл еңбеккеріне – 15 АЕК,
- Семей ядролық сынақтарынан зардап шеккен 77 адамға – 30 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы берілді.
Бұдан бөлек, Чернобыль апаты, Таулы Қарабақ қақтығысы, Тәжік-Ауған шекарасын қорғау сияқты тарихи кезеңдерге қатысқан 100-ге жуық азаматқа да әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Мемлекет тарапынан жасалған бұл құрмет пен көмек – Отан үшін жанын қиғандар мен бейбіт еңбекке үлес қосқан ардагерлерге деген тағзымның жарқын көрінісі.